Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы медициналық қызметкерлерге арналған стационарлар базасында шеберлік сабақтарын өткізу бастамасын қолдайды.
2025 жылғы 12 желтоқсанда Ақтөбе облыстық көпбейінді ауруханасында «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» ШЖҚ РМК Жүрек ырғағы орталығының басшысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас аритмологы, Қазақстан аритмологтар қоғамының президенті, профессор А.С. Абдрахмановтың (Астана қ.) қатысуымен шеберлік сабағы өтті. Жүрек ырғағының ауыр бұзылысы – жүрекшелердің фибрилляциясы бар науқастарға өкпе веналарының сағаларын криобаллонды изоляциялау операциясы жүргізілді.
Жүрекшелердің фибрилляциясы – жүрек ырғағының ең жиі кездесетін бұзылыстарының бірі болып табылады, ол науқастардың жалпы жағдайының нашарлауына, өмір сүру сапасының төмендеуіне және инсульт қаупінің артуына алып келуі мүмкін.
Криобаллонды абляция – аритмияны туындататын жүректегі патологиялық ошақтарды суық әсері арқылы жоюға негізделген заманауи, аз инвазивті емдеу әдісі.
2025 жылғы 13 желтоқсанда жүрекшелердің фибрилляциясы мәселесіне, оны диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдеріне арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.
https://www.instagram.com/p/DSaCN1tjOP9/?img_index=7&igsh=MmY4dnN3NWN6Mmxt
Спикер Абдрахманов А.С. облысымыздың бейінді мамандарымен өзекті ғылыми мәліметтермен және клиникалық тәжірибесімен бөлісті.
Осындай іс-шараларды өткізу – өңірде жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудың және жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды қадамы болып табылады.