28 қыркүйек 2023ж. Ақтөбе медициналық орталығында 1 қазан - Қарттар күніне орай "ҮЛКЕНІН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ АРДАҚТЫ" атты мерекелік шара өтті. Өмірінде ақылдың кенін арқалаған әкелер, шынайы ізгі сезімдерін ұрпағына балаған аналар, адамдарға өмір сыйлаған, денсаулықтың діңгегін өз қолдарында ұстар мамандықты пір тұтқан жандарды мерекемен орталықтың әкімшілігі мен кәсіподақ ұйымы құттықтады. Жиынның мақсаты, "Үлкенге құрмет- халқымыздың бойындағы асыл қасиет" екенін терең түсіну. Салт дәстүрімізден нәр алып, ұрпақтың өсуіне, аталы сөзден ғибарат тауып тәрбиеленуімізге жол ашу.
Ел мүддесін бәрінен биік қойған, өзінен кейінгі ізіне ерген ұрпаққа ұлылықты ұялатқан, ардагерлерге ерекше құрмет көрсету ұлтымызға тән қасиет. Арада жылдар өтеді, кешегі алыстайды.Кешегінің жақсысын бүгінгі ұрпаққа жеткізу азаматқа сын. Өткеннің сырын шертіп айта алатын, үлкеннің төрін көрген ардагерлерді Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Ph.D Е.Б.Сұлтангереев, орталықтың медициналық директоры, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, м.ғ.к А.Б. Есенжулова, орталықтың кәсіподақ ұйымының төрағасы, ҚР-ның еңбегі сінген қызметкері Ж. А. Көптілеуов құттықтау сөз сөйлеп, оларға сыйлықтар тапсырылды. 12 еңбек демалысына шыққан қызметкерлер "Еңбек ардагері" төс белгісімен марапатталды. "Ақсақалы бар ауыл адаспайды" - дейді қазақ. Сіздердей ақыл айтар, өнегелі сөз сөйлер үлкен болғанынына шүкірлік етеміз. Сіздер барда, ел іші еңселі, сіздерді кейінгі ұрпаққа қос ғасырдан көріп білген, айтары бар жан деп түсінеміз.