2023 жылдың 27-ші қыркүйегінде сапа менеджменті қызметінің бастамасымен Ақтөбе медициналық орталығының базасында Батыс Қазақстан медицина университетінің клиникалық бөлімшелерінің резиденттері үшін тренинг өткізілді. Ағымдағы оқу жылында орталықтың акушерия және гинекология, хирургия, ішкі аурулар, аллергология, кардиология, оториноларингология, урология сияқты түрлі салалары бойынша 208 резидент білім алуда. Өз сөзінде медициналық директор Есенжулова А.Б. кафедраға бірлескен жұмысы және осы іс-шараға белсенді қатысуын қамтамасыз еткені үшін алғысын білдірді, сондай-ак, Орталық жұмысының басым бағыттарының бірі халыкка сапалы медициналық көмек көрсету екенін атап өтті.
Медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды жүзеге асыру шеңберінде резиденттерге өзекті мәселелер бойынша ақпарат беріліп, баяндамалар тыңдалды: пациенттер туралы ақпараттың және қызметтік құпияның құпиялығын сақтау туралы (ПББ басшысы Ибраева А.Ш.), инфекциялық кауіпсіздік шаралары туралы (эпидемиологтар Кадыркулова Г. Н., Жаксылыков А.Е.), бастапқы медициналық кұжаттаманы жүргізу сапасына ішкі сараптама жүргізу тәртібі (бас дарігердің МҚСБ бойынша орынбасары Алдабергенова M.T.).
Сапа менеджменті және стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы Хайруллина 3.С. резиденттердің назарын медициналық қызмет көрсету кезінде пациенттердің құқықтарын міндетті түрде сақтауға және стационардың ішкі тәртіп ережелеріне аударды. Медбикелер резиденттерге қол жуу тәсілдерін үйретті. Орталық басшылығы резиденттердің алған білімдері мен дағдыларын іс жүзінде белсенді түрде қолданады деп үміттенеді.