Ақтөбе медициналық орталығы 400 кереуеттік көп бейінді стационар болып табылады, 25 бейін бойынша шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетіледі, оның ішінде 10 бейін бойынша басқа қалалық медициналық ұйымдарда баламасы жоқ медициналық көмек көрсетіледі. Орталықтың құрамында перинаталдық көмекті аймақтандырудың үшінші деңгейдегі перзентхана, рентгенэндоваскулярлық зерттеу бөлімшесі, 3 деңгейдегі инсульт бөлімшесі, 10 операциялық зал жұмыс жасайды, қабылдау бөлімшесі деңгейінде пациенттерді сұрыптау триажы енгізілді.
Орталықта 798 қызметкер жұмыс жасайды: 196 дәрігер, 327 медбике, 195 кіші медициналық персонал, дәрігерлік және орта персоналдың санаттылық деңгейі - 48% құрайды. 2023 жылғы орташа жалақы 24%-ға өсті, оның ішінде дәрігердің орташа жалақысы 477 997 теңгені, медбикеде - 302 836 теңгені, санитар-135 551 теңгені құрады.
2018 жылдан бастап Қазақстанда алғаш рет ресурс үнемдеу технологиясы енгізілді - медициналық мақсаттағы бұйымдарды дербестендірілген есепке алу, 2019 жылдан бастап – Ақтөбе облысында алғаш рет дәрілік заттарды дербестендірілген есепке алу енгізілді. 2021 жылы біздің Орталық Қазақстанда облыстық деңгейдегі көпсалалы стационарлар арасында алғашқылардың бірі болып ұлттық аккредиттеу бойынша жоғары санатқа ие болды, бұл көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін растайды.
2023 жылы 21 871 пациент емделді, өткен жылмен салыстырғанда 6,2%-ға артық, оның ішінде 20 662 науқас тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда, сонымен қатар ауылдық жерлерден 6519 тұрғын емделді. 2023 жылы 8 805 операция жүргізілді, 2022 жылға қарағанда 8,5%–ға артық, 4184 босану қабылданды, оның ішінде жедел түрде – 1277 жағдай, жоғары технологиялық медициналық көмек шеңберінде 37 операция жасалды.